Жангелдин ауданында биылғы жылдың қаңтар айында "Ауыл және мәдениет" жобасы іске қосылған еді. Жоба аясында ауылдың руханият ордаларына айналаған мәдени ошақтар ауылдық клуб пен кітапханалардың бірлесуімен Жангелдин ауданына қарасты 6 ауылдық округ пен 6 ауылда жыл бойы 12 ауқымды іс - шара бекітіліп, жоспарға сәйкес өткізілуде.
Аталмыш жоба аясында 2024 жылдың қыркүйек айының 6шы жұлдызында Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында Қызбел ауылында әдеби жыр кеші өтті. Әдеби жырдың шымылдығы - ұлтты оятқан ұлы кітап «Оян, қазақ» еңбегінің төңірегіндегі шағын көрініспен бастау алды. Кеш қатысушылары әнді де жырды да өз нақышына сай орындап, көрермен халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Іс - шараға ауданымызға қарасты ауылдардан келген кітапханашылар мен мәдени ұйымдастырушылар өзара тәжірибе мен әдістемелік көмек алмасты.
Кеш соңында аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Асанқанқызы: «Жыл басында қолға алған бұл жоба мәдениет саласына тың серпін берді. Әдеби жыр кеші жақсы дәрежеде өтті. Өскелең ұрпақтың өнерге деген ұмтылысы зор екені байқалып тұр. Менің әуелден айтып келе жатқаным, “Үш таған” яғни, бұл жерде мектеп, кітапхана және мәдени клуб. Осы үшеуі бірлесіп жұмыс атқаратын болса, аудан мәдениетін арттыру, өнер мен білімге құштарлықты ояту болып табылады. “Тәрбие - тал бесіктен”. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, сіз бен біздің қолымызда! Олай болса осы үш тағанның болашаққа деген көшін ілгерілетуге ат салысайық - деп сөзін түйіндеді.
Ауыл әкімінің алғыс хатымен іс - шараға үлесін қоса білген және ұйымдастырушылар алқасы марапатталды.